Павлодар облысында жедел жәрдем көлігі тапшылығы жоқ
Аймақта 70 медициналық бригада кезекшілік атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжанов мәлім етті.
– Орталықтандыру нәтижесінде қала мен ауылдық жерде бірдей медициналық қызмет көрсетеді. Яғни, қала мен алыстағы ауыл халқына жедел жәрдем қызметі бірдей қолжетімді. Бригадалардың барлығы құралдар мен дәрі-дәрмектермен бірдей қамтылған, – деп атап өтті Қанадан Ахметжанов.
Павлодар облысы бойынша күнбе-күн 70 медициналық бригада кезекшілік атқарады. Бұл – 33 дәрігерлік және 37 фельдшерлік бригада.
– Автопарк толық жаңартылды. Көлік бойынша ешқандай тапшылық жоқ. Биыл 109 жаңа реанемобиль сатып алынды. Көліктер жоғары стандарттарға сай жабдықталған, – деп түсіндірді дәрігер.
Облыс трассаларында алты жедел жәрдем қызметі жұмыс істейді. Олар іске қосылған сәттен бастап 20 мыңнан астам шақыртуға шыққан болатын.
– 2012 жылдан бері тасымалдау барысында бірде бір өлім оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын, – деді Қанадан Ахметжанов.
Сондай-ақ, 2019 жылдың ортасынан бастап «қоңырауды ұстау» қызметі енгізілді. 2020 жылы қызмет 1,5 мыңнан астам қоңырауды ұстап тұрса, 2022 жылғы көрсеткіш 17 мыңға жетті. 2023 жылдың тоғыз ай ішіндегі көрсеткіш шамамен 10 мың қоңырауды құрады.
Оған қоса, соңғы екі жылда 32 жас дәрігер жұмысқа қабылданды. Ал осы жылы 19 фельдшер дәрігер дипломын алып, желіде жұмыс істеп жатыр.