Денсаулық сақтау министрі Павлодарда коронавирустың қайда кеткенін айтты
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың пікірінше, коронавирустық инфекция әлі толық тізе бүккен жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
- Коронавирустық инфекция ешқайда кеткен жоқ, оны толық жеңдік деп айта алмаймыз, - деп мәлімдеді Ажар Ғиният. – Вирус қоршаған ортада қалады. Сондықтан да біз вакцинаның әр түрімен халықты қамтамасыз етіп отырмыз. Бүгінгі таңда республика бойынша 100-ден астам адам ауыр халде жатыр, 10 – жан сақтау бөлімінде.
Осы орайда, еліміздің бас дәрігері вакцинация мен ревакцинацияның маңыздылығын атап өтті. Павлодар облысы бойынша алғашқы ревакцинациялауды 181 мың адам алды, қамтылуы тиіс халықтың 62%, қайта ревакцинациялауды – 33 мың адамды құрады, бұл тиісті халықтың 46%-ын құрайды.
- Қазіргі кезде біз вирусты білеміз, оның емін, алдын ала профилактикасын білеміз. Бір адамның ауырғанын қаламас едік. Сондықтан қолда бар ем-домымызды халыққа жеткізіп, соны уақытында алып тұрғаныңызды сұраймын, - деді Ажар Ғиният.
Айта кетейік, елімізде өткен екі жарым жылда алты коронавирус толқынын бастан кешірілді.
Фото: Есенжол Исабек