Павлодар облысында 2030 жылға қарай үйлерге газ өткізіледі
Өңірде табиғи газ және газ тарату желілері жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы төрт жылда ел Үкіметі деңгейінде облысты газдандыру мәселесі көтерілмеген.
Осы жылдың басында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Павлодар облысын газдандыру мәселелері бойынша жұмыс тобын құруға бастамашы болды.
Басқарма басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, жұмыс тобының құрамына Энергетика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, «QazaqGaz» «ҰК» АҚ және «КАТЭК» ЖШС жобалау-зерттеу компаниясының өкілдері кірді.
Сәуір айында өткен алғашқы отырыста олар газды тұтынудың болжамды көлемін талқылады. Облыс әкімдігі ұсынған деректерге сүйенсек, КАТЭК пен «QazaqGaz» халық пен өнеркәсіп кәсіпорындарының газ тұтынуын есептеген.
Есептеу қорытындысы бойынша облысты газдандыру схемасы әзірленді. Бастапқыда негізгі транзиттік газ құбыры тек төрт ауданда және Павлодарда жоспарланған болатын.
– Басқарма бұл нұсқамен келіспеді. Облысты газдандыру схемасы барлық он аудан мен үш қаланы қамтумен өзгертілді, – деді Ержан Иманзайыпов.
Басқарма басшысы газдандыру газ құбырын салу кезінде қосымша инвестициялар тартатынына және табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік беретініне сенімді.
Сонымен қатар, өңірдегі экологиялық жағдай жақсарады, жылу энергиясының тапшылығы және энергия желісіне жүктеме азаяды.
Өңірді газдандырудың болжамды мерзімі – 2030 жыл.
Магистральдік құбырларды орталық атқарушы органдар, ал тарату желілерін жергілікті әкімдіктер салатыны белгілі.
Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу әлі басталған жоқ. Бұл шамамен бір жарым жылға дейін қажет болады. ЖСҚ дайындалғаннан кейін аймақ тұрғындарының үйлеріне газ өткізу үшін қанша қаражат қажет болатыны анықталады.