Успен ауданында көктемгі егіс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Успен ауданында көктемгі егіс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Фото: Аяужан жетес

Аудан әкімдігі биылғы егіс науқаны жоспарға сай әрі кеңейтілген көлемде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Успен ауданындағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан басшысы Нұрболат Мақашев мәлімдегендей, биыл жалпы егістік алқабы 249,6 мың гектарды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,6 мың гектарға артық. Егістік құрылымында негізгі бағыттар бойынша астық, майлы және жемшөп дақылдары басым. Атап айтқанда: астық дақылдары – 123,9 мың гектар, майлы дақылдар – 103,7 мың гектар. жемшөп дақылдары – 21,8 мың гектар.

– Сонымен қатар ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар дақылдарға ерекше көңіл бөлінген. Биыл қарақұмық егісі 17,5 мың гектарға жетіп, 2,1 мың гектарға артты. Күнбағыс алқабы 102,4 мың гектарды құрап отыр, – деді Нұрболат Мақашев. 

Ауданда көктемгі егіске қажетті тұқым толық дайындалған. Жалпы 15,4 мың тонна тұқым бастырылып, бұл көрсеткіш қажеттіліктің жүз пайызын құрап отыр. Оның ішінде 2,5 мың тоннасы элиталық тұқым, яғни жалпы көлемнің 17,6 пайызы.

Көктемгі дала жұмыстарына кең көлемде техника жұмылдырылған. Атап айтқанда: 36 егіс кешені, 750 трактор, 633 сепкіш, 1660-тан астам басқа ауыл шаруашылығы техникасы.

– Жыл басынан бері аудан шаруашылықтарына 29 жаңа техника  сатып алынды. Қаржыландыру мәселесінде де айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Шаруашылықтар негізінен кредиттік серіктестіктер арқылы жұмыс істейді. Қазіргі таңда аудан шаруашылықтарының шамамен 80 пайызы кредиттік серіктестік жүйесіне біріктірілген. Сонымен қатар «ҚазАгроФинанс» арқылы 532,8 миллион, аграрлық несие корпорациясы арқылы 570 миллион теңге қаржы тартылған, қосымша 280 миллион теңге қаралу үстінде, – дедә аудан әкімі. 

Жанар-жағармай мәселесі де толық қамтамасыз етілген. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 3,4 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініп, оған толық өтінім берілген. 

Минералды тыңайтқыштар бойынша да жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 19,1 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған, жалпы жоспар – 29 мың тонна, қалған бөлігі күзгі кезеңде толықтырылады.

Аудан бойынша ылғал жабу жұмыстары аяқталып, көктемгі егіс науқаны басталған. Бүгінгі күні егіс жұмыстарының шамамен сегіз пайызы орындалған.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Успен ауданының жалпы жер қоры 389 мың гектарды құрайды, оның ішінде 289 мың гектары – егістік жер, 100 мың гектары – жайылым.

Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары да жалғасуда. Биылдың өзінде 1800 гектар жер қайтарылған, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 3000 гектарға жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар ауданда жаңа шаруашылықтар құрылып, жас кәсіпкерлер белсенділік танытуда. Жерді сатып алу және шаруашылықтарды біріктіру арқылы агроқұрылымдарды ірілендіру үрдісі де байқалады.