Павлодарда сүт бағасын ұстап тұру бойынша меморандум жасалды
Сонымен қатар, облыс билігі арзан бағамен картоп пен сәбіз жеткізу жөнінде келісім жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен он мың тонна картоп пен үш мың тонна сәбіз жеткізу туралы меморандум жасалған.
– Әлеуметтік бөлшек сауда орындарын («үй маңындағы дүкендер») осы өнім түрлерімен толықтыру жұмыстары басталып кетті. Тұрақтандыру қорының серіктестері болып табылатын дүкендердің бөлшек сауда нүктелерінің сөрелерінде картоптың келісі 120 теңгеден, сәбіздің келісі 95 теңгеден аспайды, – деп хабарлады басқармада.
Сондай-ақ сүт өңдеу кәсіпорындарымен сүт және сүт өнімдері – майлылығы 2,5% пастерленген сүт, 2,5% айран, 5-9% сүзбе, 72,5% сары май бағасын бекіту туралы меморандум жасалды.
Аталған тауарларды сату бағасын ұстап тұру туралы меморандум 2025 жылдың 1 наурызына дейін әрекет етеді.