Павлодар облысында 30 зорлық-зомбылықтың жартысын педагогтер анықтады

Павлодар облысында 30 зорлық-зомбылықтың жартысын педагогтер анықтады
Фото: dribbble.com

Жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты орын алып жатқан жағдайлар бойынша облыстық білім беру басқармасы қызметтік тергеулер жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина соңғы уақытта жария етіліп жүрген зорлық-зорлық фактілерге қатысты түсініктеме берді. 

– Биыл балаларға зорлық көрсетуге қатысты 30 қылмыс тіркелді. Оның 16-сы педагогтердің тарапынан ашылған деп айтуымызға болады. Олар балалардың жаңағы мінез-құлқын байқап, ата-аналарына кеңес айтып, тілдесу, кеңесудің арқасында осындай нәтижеге жетті деп білеміз,– деді Самал Айтқазина.

Оның сөзінше, былтыр Екібастұз қаласындағы Бесқауға ауылында Милана Давыдованың өлімінен кейін басқармада жан-жақты талдаулар жүргізіліп, балалар құқықтарын қорғауға байланысты жұмыстар біршама өзгерді. 

– Бірнеше жыл бұрын орын алып жатқан жағдайлардың қазіргі таңда беті ашылып жатқандығы осы жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. 

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша білім беру ұйымының есебінде 573 қолайсыз отбасы есепте тұр. Бұл статистикада 1362 кәмелетке толмаған, оның ішінде 828 мектеп оқушысы, 351 мектепке дейінгі, 138 кәмелетке толған студент бар.

Айта кетейік, Майқайың кентінде кәмелетке толмағандарға қатысты үш зорлық фактісі тіркелді. Бір жағдайда 2009 жылғы жасөспірім студент Майқайың мектебінде оқыған кездері медициналық тексеруден өткен еді. Ал қыркүйек айында мұғалімдер оның көп қобалжып, ауыра бастағанын, оқуға селқос қарайтынын байқап, қыздың дәрігерге жүгінуін дұрыс көрген. Зерделеу барысында сол үйдің 2008 жылы туған баласы зорлық көргені анықталды. Отбасы толық емес. Зорлық фактілері жүйелі түрде болған. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Екі күдікті ұсталды.

Басқа жағдайда Майқайың мектебінде сынып жетекшісі бір көшеде тұратын баланың мінез-құлқында өзгерістер болып жатқанын байқаған. Әңгіме барысында сынып жетекшісі жағдайларын сұрастырған кезде 9-сынып оқушысын өгей әкесі зорлағаны туралы білген. 

Бұл ретте қылмыс фактілері бойынша құзырлы орган істер қозғап, облыстық білім беру басқармасы қызметтік тергеулер бастайды.