Екібастұзда мас күйінде көшеде жүрген кәмелетке толмаған қыз ұсталды
Шаһарда ата-анасыз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдердің 290 фактісі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Талғат Шанкотовтың айтуынша, 16 жасар қыз анасынан құрбысының ата-анасы үйінде болмағандықтан, оған түнеуге баруға сұранған. Ешқандай күдігі жоқ ана келісім берген. Алайда, шын мәнінде, бойжеткен досына бармай түнде қала көшелерінде жүрген.
– Полиция қызметкерлері тоқтатқан кезде кәмелетке толмаған қыз мас күйде болды. Оны полицияға жеткізіп, ата-анасын шақырдық. Олармен әңгіме жүргізіліп, қоғамдық орында мас күйде болу және заңды өкілдерісіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Талғат Шанкотов.
Айта кету керек, биыл ғана Екібастұз полициясы өңірде кәмелетке толмағандардың ата-анасының еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 290 фактісін анықтады.