Ертіс ауданында қайғылы оқиғадан зардап шеккен отбасыға үй берілді
Қазіргі уақытта отбасымен психологтар жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 15 қаңтар күні таңғы сағат 08:33-те орын алған. Ертіс ауылының Желтоқсан көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде 50 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Өрт салдарынан екі бала қайтыс болды. Тағы екі бала түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы жағдайдан кейін зардап шеккен отбасыға жергілікті атқарушы органдар тарапынан кешенді әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
Аудандық әкімдіктің мәліметінше, отбасыға үш бөлмелі абаттандырылған пәтер беріледі.
– Сонымен қатар қажетті жиһаз, киім-кешек және тұрмыстық заттар сатып алынып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта отбасымен психологтар жұмыс жүргізуде, – деді әкімдікте.
Отбасындағы балалардың бірі – 2010 жылы туған, Ертіс аграрлық-техникалық колледжінің студенті. Оның жағдайы тұрақты.
Тағы бір бала – 2015 жылы туған, Ертіс ауылындағы мектептің 4-сынып оқушысы, облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр, жағдайы ауыр.
Қайтыс болған балалардың бірі – 2 сынып оқушысы, екіншісі — балабақша тәрбиеленушісі болған.
Белгілі болғандай, балалардың ата-анасы ресми түрде ажырасқан. Анасы Ақтоғай елді мекенінде орналасқан ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірінде жұмыс істейді. Ол күн сайын жұмысына автобуспен қатынайды. Балалар анасының бірге тұратын азаматымен, яғни өгей әкесімен бір шаңырақта тұрған. Ал биологиялық әкесі басқа ауданда тұрады.
Қайғылы жағдай кезінде өгей әке денсаулығына байланысты ауруханада ем қабылдап жатқан.
Аудандық әкімдіктің хабарлауынша, жергілікті тұрғындар да қайғыға ортақтасып, отбасына қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр.