Павлодар облысында 8 айлық сәбидің өлі денесі табылды
Сәбидің денесінен зорлық белгілері табылмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аталған оқиғаны облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаменті растады.
- 17 қарашада Екібастұз қаласының Шідерті кентіндегі пәтерлердің бірінен 8 айлық баланың зорлық белгілері жоқ мәйіті табылды. Бұл факт туралы полицияға анасы хабарлады. Факт тіркелді. Мәйіт бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады. Бұл факт туралы жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдарына дереу хабарланды, - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал денсаулық сақтау басқармасы сәбидің 2023 жылы туылғанын айтты.
Пәтер иесінің мәлімдеуінше, қызы үш баласымен алғаш рет оған 2023 жылдың тамыз айының соңында келген. Ол үйден жиі кетіп қалып отырған. Әйелдің тұрақты тіркеуі Павлодар қаласында.
- Нақты орналасқан жері бойынша медициналық көмекке жүгінген жоқ. Медициналық ақпараттық жүйенің мәліметтері бойынша қоңыраулар мен активтер тіркелмеген. Аутопсия сот-медициналық сараптамасы жүргізілді. Қорытынды диагноз гистологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болады. Осы факт бойынша денсаулық сақтау басқармасы өлім жағдайына талдау жүргзетін болады, - деді басқарманың баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға туралы VITA еріктілер жасағы алғашқы болып өздерінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
- Айдың-күннің аманында бейкүні балалар өлуде. Олар ата-анасының салғырттығы мен қатігездігінен, мемлекеттік органдардың, біздің кінәмізден ажал құшуда. Өйткені адамдар, көршілері отбасындағы жағдайды біле отырып үнсіз қалатын болса, мемлекеттік қызметкерлер көз жұмады, - дейді еріктілер.
Осы ретте еріктілер адамдардың үнсіз қалмауын сұрайды. Олар отбасында балаларға қауіп төніп тұрғанын білсе, бірден ватсап нөміріне 8 747 615 55 63 (Катерина) немесе 102-ге хабарлауын еске салады. Белсенділер Милана трагедиясының алдын алуға болатынын айтады.