Ақсуда ер адам полицейдің білегінен тістеп, үтікпен басынан соққан
Қала тұрғыны полиция қызметкеріне бағынбаған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 21.00-де қала тұрғыны полицияға Қамзин көшесіндегі пәтердегі отбасылық жанжал туралы хабарлап, көмек сұраған. Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Қала тұрғыны тәртіп сақшысы келгенде мас күйінде жанжал шығарып, өзін агрессивті ұстаған ұлына шағымданған.
– Ер адам полиция қызметкерінің заңды талаптарын елемеді, агрессивті әрекет етті, полиция қызметкеріне қарсылық көрсетті. Үтікпен учаскелік полиция қызметкерінің басынан соғып, білегінен тістеп алды. Көмек көрсету үшін көрсетілген мекенжайға автопатруль жіберілді. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша ер адам алкогольдік мас күйінде болды. Аталған жағдайды одан әрі талқылау үшін құқық бұзушы полиция бөліміне жеткізілді, – деді департаментте.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 380-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.