Павлодар облысында абаттандыру бойынша тазалық айлығы жарияланады

Павлодар облысында абаттандыру бойынша тазалық айлығы жарияланады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шараны «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы аясында өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, тазалық айлығын 12 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өткізу ұсынылған. Ал 26 қыркүйекте облыстық ауқымдағы сенбілік ұйымдастырылмақ.

Осыған байланысты облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар берілді. Олар абаттандыру және аумақтарды санитарлық тазарту бойынша алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуі қажет.

Айлық аясында 300 мыңнан астам адамды, сондай-ақ шамамен 40 мың ұйым, кәсіпорын, оқу орны, мекеме және қоғамдық бірлестікті тарту жоспарланған. Жұмыстарға облыс бойынша мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылады.

Экологиялық іс-шаралар кезеңінде өңірдегі полигондарда тұрмыстық қалдықтарды тегін қабылдау ұйымдастырылады.

Облыс әкімдігінің өкілдері өңір тұрғындарының экологиялық бастамаларға белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акцияларына 250 мыңнан астам адам және 40 мыңнан астам кәсіпорын қатысқан. Осы уақыт ішінде 70 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, осы аптада Павлодар қаласында экология департаментімен бірлесіп, Усолка өзенінің жағалауын тазарту жоспарланған.

Ал облыстық сенбілік кезінде Ақсу қаласында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Оған, соның ішінде, өнеркәсіптік кәсіпорындарды да тарту көзделіп отыр.

Өңір әкімі Асаин Байханов қыс мезгілі қарсаңында күзгі абаттандыру жұмыстарының маңызы зор екенін атап өтті.

– Бұл жұмысқа барлығымыз жұмыла кірісуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, бірлескен күш-жігердің арқасында облысты таза әрі тұрғындарға қолайлы етуге болады.