Павлодар қаласында он рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін қалыптастыру үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаменті полиция органдарының қызметкерлерімен және Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен бірлесіп, рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындарын анықтау мақсатында рейдтік іс-шара өткізді.
Көшпелі тексеру барысында Павлодар қаласы аумағында он рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды.
Мамандар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 365-бабына сәйкес, коммуналдық қалдықтарды басқару және бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретінін еске салды.
Сонымен қатар, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін қалыптастырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 2-1-тармағына сәйкес, айыппұл мөлшері 100-ден 1000 АЕК-ке дейін көзделген.
Экология департаменті тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерін қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеуге шақырды.