Екібастұздықтар «Шахтёр» саябағындағы ағаштардың кесілуіне ашулы

Аян Бейсекин шағымға жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұздық блогер Виталий Фоминов Instagram желісіндегі парақшасында қаланың орталық саябағындағы ағаштардың кесілуіне екі видео арнады. Ол өз шағымын жазғанда әлеуметтік желідегі Екібастұз қаласы әкімінің саябақты қалпына келтіру кезінде ағаштар зақымданбайды деп сендірген уәделеріне сүйенген.
– Хабарламаларда саябақты қайта жаңғырту кезінде ескі ағаштар кесілмейді деп жазылған. Бірақ, өкінішке орай, қазірдің өзінде ондаған ағаштар тамырымен жұлынды, – дейді блогер видеода.
Көптеген жергілікті тұрғындар оны әлеуметтік желіде қолдап, пікірлерін жазып қалдыруда.
Аян Бейсекин шағымды жазған блогерді жұмыс біткенше күтуді сұрап, саябақтың бұдан да көркейетініне уәде беріп отыр.
– Жасыл аумақтың бір бөлігін кеспей, саябақты қайта құру мүмкін емес. Кейбір ескі бұталар мен ағаштар жасыл желектердің жаңа аудандастырылған сорттарын отырғызу арқылы ауыстырылады. Барлық жұмыс аяқталғанша күтіңіз. Кең ауқымды қайта құру саябақтың сыртқы келбеті мен оның мазмұнын түбегейлі жақсартуға бағытталған, – деп жауап берді қала әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, «Шахтёр» саябағынан аттракциондары «Екібастұздың 50 жылдығы» саябағына көшіріледі.