Павлодар ЖЭО-3 қысқа дайындалуда

Павлодар ЖЭО-3 қысқа дайындалуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыстар жоспарға сай атқарылып, алдағы маусымда жабдықтардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету көзделуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖЭО-3-те 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы маусымға дайындық жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта негізгі екі цехта – турбиналық және қазандық бөлімдерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Турбиналық цехта №6 турбинаға күрделі жөндеу жасалуда. Бұл жұмыстар толық цилиндрлерді ашуды қамтиды. Цех бастығы Игорь Лукьяненконың айтуынша, турбина 2018 жылы орнатылғаннан бері алғаш рет толықтай ашылып отыр. 

– Қазіргі кезде үш цилиндр шешіліп, генератор роторы металлоконтроль үшін алынды. Сондай-ақ жоғары қысымды қыздырғыштарға диагностика жасалуда. Бұл жабдықтың жұмыс мерзімін ұзартуға әрі жылу мен электр энергиясын сенімді жеткізуге мүмкіндік береді. Жөндеуге «Средазэнергомонтаж Павлодар» және «Армада Пром Сервис» ЖШС-лерінің 13 маманы тартылған, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар қазандық цехында да екі қондырғыда жұмыс жүріп жатыр. Қазандық цехында №2 агрегаттағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақындаған. Ал №6 қазандық кестеге сәйкес күрделі жөндеуге шығарылған. Цех мамандарының айтуынша, негізгі мақсат – барлық істі сапалы орындап, алдағы жылыту маусымында жабдықтың апатсыз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету.