Павлодар облысында декларация тапсырмаған қанша адамның шоттары бұғатталды?

Павлодар облысында декларация тапсырмаған қанша адамның шоттары бұғатталды?
Фото: жасанды интеллект

Бұл – салық органдары тарапынан ескертуді елемеген азаматтарға қолданылып жатқан шараның түрі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл өңірде кірістер туралы декларацияны 180 мыңнан астам жеке тұлға тапсыруға міндетті болды. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің статистикасына сүйенсек, 18 қарашаға дейін жалпыға бірдей декларациялауға 168 мыңнан астам қатысушы декларация тапсырды. Ал декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбаған алғашқы үш кезеңнің қатысушыларына Салық кодексінің 114-бабына сәйкес хабарламалар жіберіледі.

– Әлі де 25 мың адам декларация тапсырмаған. Олардың жеке кабинеттеріне хабарламалар жіберілді. Егер ол адам хабарламаны ашып, оқымаса, біз қалай болғанда да тұлға хабардар етілді деп санаймыз,– деді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов.

Егер хабарламаны елемей, 30 жұмыс күн ішінде декларацияны ұсынбаған жағдайда тұрғындардың кез келген шоттары, атап айтқанда, депозит, жалақы түсетін карта  бұғатталады. 

– Бұл үрдіс біздің жүйемізде автоматты түрде жасалады. Шот декларацияны тапсырғаннан кейін қайтадан ашылады. Ол үшін біраз уақыт қажет етіледі. Шоттарды бұғаттау сияқты шара бұрын да болған, алайда ол туралы барлығы біле бермейді. Осыған байланысты халықтан наразылық та түсіп жатады. Бүгінде декларация тапсырмаған 25 мың адамның ішінен шамамен 8 мың азаматтың шоты бұғатталды,– деді Ерболат Ғаббасов. 

Бұдан бөлек, декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту жасалып, оны бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін жеке тұлғаларға – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.