Павлодар облысында электр энергиясы қымбаттауы мүмкін
Жаңа тарифті 2024 жылдың 1 қаңтарынан енгізуі ықтимал, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Табиғи монополияларды реттеу Комитеті облыстық департаментінде «Павлодарэнергосбыт» ЖШС тарифті қымбаттату бойынша өтінішін талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдаулар өтті. Компания павлодарлық тұтынушыларды электр энергиясы және жылумен, ал аудандар мен Ақсу тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
- Тариф қымбаттауының басты себептері – біртұтас сатып алушының электр энергиясына бағаны көтеруі, «ПРЭК» АҚ, «ҚТЖ ҰК» АҚ электр энергиясын тасымалдау тарифін арттыруы, - деді «Павлодарэнергосбыт» ЖШС бас директорының м.а. Бауыржан Әлжанов.
Егер департамент монополист өтінішін құптаса, жаңа жылдан бастап облыс тұрғындары әрбір кВт/сағатқа 23,10 теңгенің орнына 28,485 теңге, яғни 5,385 теңгеге артық төлеуге мәжбүр болады.
Бауыржан Әлжановтің сөзіне қарағанда, тұтынушылар «Павлодарэнергосбыт» компаниясына бір миллиард теңгедей ақша қарыз. Бұл сомаға жеке меншік тұтынушылар да, заңды тұлғалар да кіреді.
Олардың жалпы саны 232 880, олардың 223 838 – жеке меншік абоненттер. Кәсіпорында 400 адам жұмыс істейді. Жалақы 335 мың теңгеге тең.
Айта кетейік, желтоқсанның басында департамент тағы бір монополист – «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС-нің тарифті 149 процентке арттыру жөніндегі ұсынысын кері қайтарды.
Ең үлкен өзгерістер «Павлодарэнерго» АҚ бойынша орын алады. Тұтынушылар 197,8 теңгеге артық төлейтін болды. Әрі қарай «Павлодар жылу желілері» ЖШС және «Павлодар-Водоканал» ЖШС келеді. Олардың тарифтері, сәйкесінше, 164,76 және 18 теңгеге артты.