Павлодар аулаларында көлік қоюға тыйым салына ма?

Павлодар аулаларында көлік қоюға тыйым салына ма?
Фото: Константин Шелков

Қала әкімдігінің аулада көлік қоюға тыйым салуға өкілеттігі жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда көпқабатты үйлердің аулаларындағы автотұрақ мәселесі әлі де өзекті. Көлік саны көбейген сайын көптеген аулаларда тұрақ орындары жетіспей келеді. Алайда қала бойынша аулаларда көлік қоюға жалпы тыйым енгізілген жоқ және әкімдік мұндай шектеу енгізуді жоспарлап отырған жоқ.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Қадиша Беготаеваның спикері түсіндіргендей, қала әкімдігінің үй маңы және аулаішілік аумақтарда көлік қоюға немесе оны сақтауға өз бетінше тыйым салуға өкілеттігі жоқ.

- Сонымен бірге нақты бір ауланы пайдалану тәртібін тұрғындардың өздері белгілей алады. Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес, үй маңындағы аумақ кондоминиумның ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан пәтер иелері жалпы жиналыста автотұрақтарды ұйымдастыру, көліктің кіруін шектеу, шлагбаум орнату сияқты мәселелерді шеше алады, - дейді шаһар әкімінің орынбасары.

Ал қала аулаларды абаттандыру жұмыстарын жалғастырады. Жыл сайын орамішілік жолдар жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдары мен автотұрақтар салынады. Мұндай жұмыстар тұрғындардың өтініштері мен келісімдері негізінде де жүргізіледі.

Яғни алдағы уақытта Павлодардың барлық аулаларында көлік қоюға бірыңғай тыйым салу емес, тұрақ орындарын көбейту және аулаларды абаттандыру мәселесі күн тәртібінде қала береді. Ал нақты ауланың қалай пайдаланылатынын оның тұрғындарының шешімі анықтайды.