Павлодар облысының бес ауданы жұмыспен қамту жоспарын асыра орындаған
Олар – Аққулы, Ертіс, Май, Павлодар, Успен аудандары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша 23,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде: Ұлттық жобалар аясында – 7,9 мың. Нақтыратық айтатын болсақ, инфрақұрылымдық жобалармен – 1091 адам, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен – 6008 адам, гранттармен – 272 адам, шағын несиелер бойынша 503 адам қамтылды. Бос жұмыс орындарына – 8,9 мың, «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 6,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, – дейді Альмира Дисюпова.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жұмыс орнын құру» көрсеткіші бойынша жоспардың 86,4 пайызы орындалды. Дәлірек айтсақ, жоспарланған 7436 жұмыс орнының 6428-і құрылды. 1 шілдемен салыстырғанда оң динамика байқалады.
– Облыстағы аудандардың бесеуінде жұмыспен қамту жұмыстары артығымен орындалды. Бұл аудандар – Аққулы, Ертіс, Май, Павлодар, Успен, – дейді спикер.
Бұдан бөлек, жастарға жылдық 2,5 пайызбен шағын несие беру бойынша ағымдағы жылдың басынан бері сегіз комиссия отырысы өткізіліп, 698,8 миллион теңгенің 153 жобасы мақұлданған. Ал, «Ауыл Аманаты» аясында шағын несие алушылар 350 жұмыс орнын құрды. Бұл жұмыс артығымен 116 пайызға орындалды.