Павлодар облысында екі ірі жол апатынан екі адам қаза тапты

Өткен демалыс күндері 103 қызметі бірнеше ауыр жол-көлік оқиғасына қызмет көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бірінші апат туралы хабар жексенбі күні сағат 17:31-де түскен. Ақсу мен Көктөбе арасындағы трассада, Құркөл ауылының маңында екі автокөлік соқтығысқан. Оқиға орнына Ақсудан екі, Көктөбеден бір медициналық бригада және Құркөлден бір медицина қызметкері барған.
– Дәрігерлер шамамен 60 жастағы ер адамның оқиға орнында көз жұмғанын анықтады. 42 жастағы ер адам мен 17 жастағы жасөспірім түрлі жарақаттармен Май аудандық ауруханасына жеткізілді. 22 жастағы қыз Ақсу қалалық ауруханасына тасымалданды, – деді облыстық 103 станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Апатқа қатысқан тағы бір адам – 27 жастағы ер адам медициналық тексеруден және ауруханаға жатудан бас тартқан.
Араға шамамен 2,5 сағат салып, жедел жәрдемге тағы бір шақырту түскен. Бұл жолы Ақсу мен Кенжекөл арасындағы жолда, Қарабай ауылының маңында екі көлік соқтығысқан.
– Оқиға орнына Ақсудан екі бригада және Төтенше жағдайлар медицина орталығының тобы жіберілді. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі – 69 жастағы әйел адам алған жарақаттарынан көз жұмды. 71 жастағы ер адам мен 20 жастағы қыз Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді. Ал 49 жастағы әйел мен 19 жастағы қыз Павлодар қалалық №1 ауруханасында ем қабылдап жатыр, – деді Ирина Мищенко.
Дәрігерлер жолда абай болуға және ауа райы мен қозғалыс жағдайын ескеріп жүруге шақырады.