Павлодар облысында электр желілеріндегі апаттық өшірулер азаяды

Павлодар облысында электр желілеріндегі апаттық өшірулер азаяды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде электр желілерінің қашан жаңғыртылатыны айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың мәлімдеуінше, 2022 жылы өңірде 1651 уақытша электр қуатының үзілуі тіркелсе, өткен жылы осындай 2669 технологиялық бұзушылық орын алған. 

– Өңірдің энергия беруші ұйымдары жыл сайын электр желілерін қайта құру, жаңғырту, күрделі жөндеу және қосалқы станциялардың электр жабдықтары бойынша инвестициялық жобаларды іске асырады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп санаймыз, сондықтан пилоттық жоба – «Облыстың 2025-2026 жылдарға арналған электрмен жабдықтау желілерін қайта құру және жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірледік, – деді басқарма басшысы. 

Бұл ретте жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу энергия беруші ұйымға, жобаны қаржыландыру мен іске асыру жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

Ержан Иманзайыпов жол картасын іске асыру 80 елді мекенге немесе 98 мың тұтынушыға әсер ететін атап өтті. Бұл ретте, жол картасын орындау қорытындысы бойынша тұтынушылардың апаттық өшірулер саны 1042 немесе 40 пайызға азаймақ.