Павлодарда мал ұрлығының алдын алу үшін бақылау күшейтілді
Өңірде «Мал ұрлығына жол жоқ» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейдтердің алғашқы күнінде полицейлер 286 жеке аула мен 182 шаруа қожалығын тексеріп, 468 мал иесін бақылаудан өткізді. Нәтижесінде жайылым ережелерін бұзған сегіз адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, «Атамекен–Русская поляна» автожолында иесіз жүрген 20 жылқы анықталған. Қарбалас жолда жүрген жануарлар жол-көлік оқиғасына қауіп төндірген. Кейін олардың иесі анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылды.
– Нәтижесінде жайылым ережелерін бұзғаны үшін сегіз мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Атамекен-Русская поляна» автожолында полицейлер 20 иесіз жылқының табынын тапқан оқиға тіркелді. Қарбалас жолдағы жануарлар апатқа нақты қауіп төндірді. «Қаңғыбас» жануарлардың иесі жедел анықталып, жауапкершілікке тартылды, – деді Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Сарин.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, қараусыз қалған мал ұрылар үшін оңай олжаға айналады. Осыған байланысты полиция мал иелеріне бірқатар сақтық шараларын ұстануды ұсынады: жануарларға GPS-трекер орнату, иесі, бақташы және жергілікті әкімдік арасында үшжақты келісімшарт жасау, малды міндетті түрде таңбалау және ен салу, сондай-ақ қора-жайларды сенімді құлыптармен және күзет жүйелерімен жабдықтау.
Ведомство өкілдері малдың қауіпсіздігі ең алдымен иесінің жауапкершілігінде екенін атап өтіп, жануарлар жоғалған немесе күдікті жағдайлар байқалған кезде бірден полицияға хабарласу қажет екенін ескертті.
Рейдтік іс-шаралар облыс аумағында күшейтілген режимде жалғасуда.