Павлодар облысында энергетиктердің жалақысы көтеріле ме

Павлодар облысында энергетиктердің жалақысы көтеріле ме

Бұл мәселе «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Орталық Комитетінің V пленумында талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның мәлімдеуінше, пленум «Энергетик» демалыс үйі базасында өтті. Онда талқыланған басты тақырып - энергетиктер жалақысының төмен деңгейі. Сонымен қатар, кәсіпорындар кәсіподақ ұйымдарының ағымдағы жұмыстары, энергетиктер кәсіподақ ұйымы жұмысының қолданыстағы жарғысына өзгерістер енгізу, Қазақстан кәсіподақтарының еуропалық энергетиктер одағы құрамына кіруі жөніндегі мәселелер талқыланды.

Қоғамдық бірлестік Орталық Комитетінің пленумы жыл сайын еліміздің түрлі қалаларында өткізіліп жүр. Биыл пленум Павлодар қаласында өтті.

Пленумға Орталық Комитет мүшелері, шақырылған қонақтар – Қазақстан энергетиктері ардагерлер кеңесі кәсіподағының төрағасы Айтқан Нұрпейісов, ҚР кәсіподақтар төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, сонымен қатар Белоруссия энергетиктері салалық кәсіподақтарының төрағасы, Өзбекстан Республикасы энергетиктер кәсіподақтарының төрағалары тұлғасында шетелдік қонақтар қатысты.

- Жасыратыны жоқ, Қазақстанның энергетика саласы бүгінде шекті межеде, станциялар жабдықтары 60-70%-ға, желілердің 2/3-сі тозған. Энергетиктердің жалақы деңгейі бүгінгі күні елдегі орташа жалақыдан 18-20%-ға төмен, - деп мәлімдеді «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразбек Бекбас. - Біз кәсіподақ ретінде қазір Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру ережелері арқылы жалақы көлемін ұлғайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізудеміз. Тарифті инвестицияларға айырбастау бағдарламасына жаңа бағыт алдық. 

Жиын соңында қатысушылар кәсіподақтың энергетиктер мүдделерін қорғау жөніндегі жұмысы жалғасатынын, пленумда айтылған ұсыныстар жақын арада іске асырылатынын атап өтті.