Павлодар облысында оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі толығымен шешілді
Ескі 46 көлік жаңартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әубәкірова мәлім етті.
– Шалғай елді мекенде тұратын оқушыларды тасымалдауға жаңадан 46 автобус сатып алынды. Олар ескісінің орнына пайдалануға беріледі. Яғни, бұл мәселе 100% толығымен шешілді деген сөз, – деді Әлия Әубәкірова.– Оқушыларды мектепке тасымалдау үшін арнайы талаптар бар. Мектептен ауылына дейін қанша километр бар екендігі ескеріледі. Ескі көліктер есептен шығарылатын болады.
Оның сөзінше, 172 елді мекенде 6932 оқушы тасымалдауды қажет етеді. Жалпы балалардың тасымалдауын қамтамасыз ету үшін 127 бірлік автокөлік жұмылдырылып жатыр.
Еске сала кетейік, маусымның басында облыс әкімі Асайын Байхановқа жаңа мектеп автобустарын таныстырған еді. Оны Павлодар, Баянауыл, Успен, Май, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарының және Ақсу мен мен Екібастұз қалаларының мектептері алды. Автобустарда 3,5 литрлік қуатты дизельді қозғалтқыш және алты радиатор орнатылған. Оған қоса, қауіпсіздік белдіктерімен, рюкзактарға арналған сөрелермен, бейнекамералармен жабдықталған.