Апатты жағдайда: Павлодар облысының үш ауданында мектеп құрылысы қашан аяқталады?
Биылғы оқу жылында Сычевка, Моисеевка, Қаражар ауылдарының оқушылары жаңа мектепке әзірге бара алмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әубәкірова мәлім етті.
– Апатты мектептердің орнына Сычевка ауылында – 120 орындық, Қаражар ауылында – 100 орындық, Моисеевка аулында 100 орындық жаңа мектептер салынып жатыр. Моисеевка мен Қаражарда мектептердің құрылысы қазан айына дейін, ал Сычевкада желтоқсанға дейін аяқталады, – деді Әлия Әубәкірова. – Бұл мектептер демеушілердің қаражатына салынып жатыр, кейіннен мемлекет тарапына беріледі.
Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін оқушылар ескі ғимаратта білім алады. Үш ауылдағы оқушының жалпы саны – 200-ге жуық.
Сычевка ауылының әкімдігінің мәліметінше, жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысы 35%-ға аяқталды. Жұмыскерлер екінші қабатын сала бастады. Сонымен қатар спортзалдың негізін қалауға дайындық жұмыстары жүргізілуді. Құрылыс алаңында 22 адам жұмыс істеп жатыр. Ал Қаражардағы мектепте шатыры жабылды. Жұмыстар кестеге сай жүруде. Моисеевка ауылында 50-де астам жұмыскер жұмылдырылған. Бүгінгі таңда терезелері орнатылды, мектептің сыртын қаптау, ішкі өңдеу жұмыстары жүргізілуде.