Павлодарда сот бірнеше мың пациентті емханадан заңсыз шығару туралы бұйрықты бұзды
Сот уәкілетті органның жеке клиника пациенттерін мемлекеттік мекемеге мәжбүрлі түрде ауыстыру туралы шешімін заңсыз деді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жеке медициналық орталық пен мемлекеттік орган арасындағы дау қаралды. Бұған дейін ведомство клиникада қажетті лицензиялар жоқ деген себеппен 3,4 мыңнан астам адамды басқа емханаға беру туралы бұйрық шығарған болатын. Алайда сот процесі кезінде бұл уәждердің негізсіз екені анықталды.
Істі зерделеу барысында клиниканың медициналық қызмет көрсетуге және жедел жәрдем жұмысына барлық рұқсат құжаттары бар екені дәлелденді. Сондай-ақ мекеменің зертханалық талдауларды сыртқы серіктестер арқылы жүргізуі заңға қайшы емес және қосымша лицензияны талап етпейді. Жауапкер тарапы халықтың тіркеу орнын өзгерту қажеттілігін растайтын нақты айғақтар келтіре алмады.
Сот шешімінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сүйене отырып, кез келген күмәнді жағдай талап қоюшының пайдасына шешілуі тиіс екені көрсетілген. Нәтижесінде мемлекеттік органның бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Сот шешімімен клиниканың пайдасына 500 мың теңге көлемінде сот шығындары өндірілді. Қазіргі уақытта құжат заңды күшіне еніп, пациенттер бұрынғы емдеу орнында қалды.