Павлодар облысында гуманитарлық олимпиаданың жүлдегерлері анықталды

Павлодар облысында гуманитарлық олимпиаданың жүлдегерлері анықталды
Фото: Білім беру бөлімі

Білім додасына 56 оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ауылдық жердегі жалпы орта білім беретін мектептерінің 9-11- сынып оқушылары арасында өткен V облыстық гуманитарлық олимпиаданың қорытындысын шығарды. Оның ішінде Павлодар қаласы ауылдық аймағы № 38, 40 жалпы білім беретін мектептерінің, сондай-ақ Кенжекөл, Жетекші мектептерінің алты оқушысы олимпиаданың қалалық кезеңінің жеңімпаздары атанды. Олимпиада оқушылардың оқу мәдениетін дамытудағы шығармашылық қабілеттерін іске асыру үшін жағдай жасап, ел тарихына танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, мектеп бағдарламасына кірмеген шығармаларды білуге арналған интеллектуалды пәнаралық олимпиада екі турдан өтті. Қатысушылар Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті бойынша тест тапсырмаларына жауап беріп, қазақ әдебиеті классигі, жазушы, ақын Жүсіп Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойы аясында «Ақбілек» романы бойынша эссе жазды.

Олимпиада қорытындысы бойынша Павлодар мектептерінің үш оқушысы жүлделі орындарға ие болып, облыстың білім беру басқармасының түрлі деңгейдегі дипломдарымен марапатталды.

Екінші орынды бірінші турда ең көп ұпай жинаған Кенжекөл мектебінің 10- сынып оқушысы Анастасия Морош иеленді. Үшінші орын иегері № 38 мектептің 9-сынып оқушысы Ағайша Рамазан, Жетекші мектебінің 11-сынып оқушысы Анель Төлебаева атанды. Олар «Ақбілек» романындағы қоғамның суреттері» тақырыбындағы эсседе Ақбілектің бейнесін сауатты және мазмұнды түрде аша алды.