Павлодар облысында ауыл мұғалімдеріне грант беру ұсынылды
Асайын Байханов шағын жинақталған ауыл мектептері мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– 14 жыл қатарынан «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы іске асырылып келе жатқаны белгілі. Осы уақыт ішінде 5000-нан астам жас маман өңірімізге келіп, балаларды білім нәрімен сусындатты. Алайда олардың көбі ауылда тұрақтап қалмай, кетіп жатыр. Бұл жағдайға қатысты объективті және субъективті себептер де бар, – деді облыс әкімі Асайын Байханов Естай атындағы мәдениет сарайында облыстық білім беру саласының қызметкерлерімен өткен алқалы жиында.
Оның сөзінше, облыста 356 жалпы білім беру мекемесінің ішінде шағын жинақталған 212 мектеп бар. Бұл көрсеткіш 60%-ды құрап отыр.
– Өңірде шағын жинақталған мектептердің басым болуы мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Оларды экономикалық тұрғыдан күтіп-ұстау шығынды болып табылады. Әрине, қанша бала оқыса да, мектептердің қаржыландыруын тоқтатпаймыз, – деді Асайын Байханов. – Қала мен аудан әкімдерін басқа облыстардан отбасыларды тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын. Келген жанұяларға қолайлы жағдай ұйымдастыру қажет.
Бұл ретте облыста кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі туындап жатыр.
– Бүгінде жұмыс істеп жүрген ұстаздардың 12%-ы зейнеткерлер болып табылады. Оларды алмастыратын кадрлар жоқ. Осыған байланысты ауыл мұғалімдеріне грант беру бағдарламасын іске қосуды ұсынамын, – деп атап өтті облыс әкімі. – Бес миллион теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы төлем енгізіп, жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұйымдастыру керек. 35-40 жас аралығындағы, ауылдық жерлерде кемінде бес жыл міндетті түрде жұмыс істейтін, жанұсы бар, бастамашыл жастар басымдыққа ие болады.
Асайын Байханов аталған бағдарлама бойынша тиісті ережелер мен критерийді әзірлеуді білім беру басқармасына жүктеді.
Еске сала кетейік, аймақ басшысы білім беру басқармасы мен бірлестіктің алдында озық тәжірибелерді қолдану міндетін қойды. Сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін оқытуды күшейту қажет екенін атап өтті.