Павлодар облысында мүгедек балалар саны неге өсуде?
2024 жылдың көрсеткіші бойынша «мүгедек» мәртебесі бар балалар саны – 3789, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша облыста 29 359 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде бірінші топ – 4127 адам, екінші топ – 11288 адам, үшінші топ – 10155 адам және балалар – 3789.
– Облыста мүгедектігі бар адамдардың өсу динамикасы бүгінде оң бағытта емес. 2020 жылы 2700 мүгедек бала, 2024 жылы 3789 мүгедек бала тіркелген. Көбінесе онкологиялық аурулар, психикалық бұзылулар, сондай-ақ жарақат алғандар басым болып келеді, – дейді Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова.
Басшының айтуынша, жаңа туған нәрестелердің денсаулығының елеулі бұзылуларын ерте анықтау проблемалары негізгі себебін құрайды.
Өңірдегі мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында қалалар мен аудандарда жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша азаматтардың аталмыш санаты үшін әлеуметтік төлемдер көзделген.
Көмек түрлерінің негізгілері мереке күндеріне біржолғы төлемдер болып табылады: 30 тамыз ҚР Конституциясы күні – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға 20 АЕК мөлшерінде және 25 қазан Қазақстан Республикасының күні – бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға бес АЕК мөлшерінде, сондай-ақ үйде оқытуға жұмсалған шығындарды тоқсан сайын өтеу – сегіз АЕК.
Айта кетейік, 2025 жылға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды оңалту сапасын жақсарту үшін жаңа бастамалар енгізуді жоспарлауда.