Екібастұзда жазғы демалыспен 20 мыңнан астам оқушы қамтылды

Екібастұзда жазғы демалыспен 20 мыңнан астам оқушы қамтылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқушылар лагерьлерде демалып қана қоймай, спорттық, шығармашылық және танымдық жобаларға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Екібастұз қаласында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, сауықтыру және жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биылғы жазғы маусымда түрлі бағдарламалармен барлығы 22 058 оқушы қамтылды.

– Алғашқы маусымда мектеп жанындағы лагерьлерде 5 950 оқушы демалса, бейіндік лагерьлерге 5 943 бала қатысты. Қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде 390 оқушы тынығып, 200 жасөспірім еңбек және жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылды, – деді басқармада.

Екінші маусымда мектеп жанындағы лагерьлерде 3 758 оқушы, бейіндік лагерьлерде 3 297 оқушы демалды. Қала сыртындағы лагерлерде 952 бала жазғы демалысын өткізді. Сонымен қатар тағы 200 оқушы еңбек жасағында жұмыс істеп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтады.

Үшінші маусымда негізгі назар бейіндік және қала сыртындағы лагерьлер жұмысына аударылды. Бұл кезеңде бейіндік лагерьлерге 82 оқушы, ал қала сыртындағы сауықтыру орындарына 1 086 бала қатысты. Тағы 200 жасөспірім жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылды.

Жазғы демалыс кезінде балалар үшін спорттық жарыстар, танымдық экскурсиялар, шығармашылық және экологиялық жобалар ұйымдастырылды. Оқушылар түрлі сайыстарға қатысып, жаңа достар тауып, пайдалы дағдыларды меңгерді.

Мамандардың айтуынша, жазғы сауықтыру бағдарламалары балалардың денсаулығын нығайтуға, олардың әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл шаралар оқушылардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.