Павлодарлық оқушылар ертегі кейіпкерлерімен бірге ескі жылмен қоштасты
Шыршаға келген жүз балаға 100 мың теңгеге сертификаттар, сондай-ақ, тәттілер, жұмсақ ойыншықтар табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қатысуымен «Ертіс» қонақ үй кешенінде «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты жаңа жылдық ертеңгілік өтті.
Балалар мерекеде Аяз Ата, Ақшақар, Ертіс-Баян, Ғалым-бот, Олаф, Айдахар, жылан және Жезтырнақ кейіпкерлерімен бірге ән айтып, би биледі. Өз өнерлерін көрсеткен бүлдіршіндер сыйлықтарға ие болды.
Таңғажайып ертегілер мекеніне айналған Жаңа жылдық мерекелік іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта зор жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылар қатысты.
– Мен биыл бірінші рет осындай мерекеге қатыстым. Маған мереке ұнады, жаңа достармен таныстым. Әр кейіпкерлердің киімін кигенді жақсы көрем, биыл ханшайым болып киініп келдім, келесі жылғы ертеңгілікте қар ханшайымы болып келем. Болашақта ұстаз болғым келеді, – деді қонаққа келген Елсая Аманжол.
Мерекеден кейін балалар тәтті дастарханнан дәм татты.