Павлодар облысында кәсіпкер екі жұмысшысына үй салып берді

Павлодар облысында кәсіпкер екі жұмысшысына үй салып берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол өзінің есімін көпшілікке жарияламауды жөн көреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданының бір ауылында өзінің жеке қожалығын ашқан азамат өз жағдайымен қоса, өзге отбасыларына да көмекберуде.

Кәсіпкер жер және мал шаруашылығымен айналысады.Ауылда тұратын 40-тан астам адам қожалықта жұмыс істейді.

–     Олар менің кәсібімді дамытуға атсалысқан соң менің де аз да болса пайдам тисе қуанамын, алайда бұл істі мақтанышпен айтқым келмейді. Жұмысшылар көбінде егін егіп, ауылдан алыс жерде жүреді. Сондықтан олардың отбасылық жағдайына алаңдамауы үшін баспана мәселесін шешуді жөн көрдім, – дейді қожалық басшысы.

Жомарт азамат қоластында ұзақ жылдар жұмыс істейтін екі адамның отбасына екі үй салып берген. Олардың бірі жастайынан жетім қалып, әпке-қарындастарымен бірге тұрған.

Қожалық жұмысшысы бастықтың жомарт, жылда қыста көмір түсіріп, мал ұстайтын отбасыларға жем-шөбін беріп отыратынын айтады.