Павлодар облысында сот шектеуін бұзған тұрғын анықталды

Павлодар облысында сот шектеуін бұзған тұрғын анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» профилактикалық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекті тексеру барысында сот белгілеген ерекше мінез-құлық талаптарын бұзу фактісі анықталды.

– Профилактикалық есепте тұрған азаматтардың бірі тұрғылықты жерінде алкогольдік масаң күйде анықталып, өзіне жүктелген ерекше талаптарды бұзған. Құқық бұзушыға қатысты сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау фактісі бойынша материал рәсімделді. Материал процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деді Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Ботагөз Төлеуова.

Ведомствода атап өткендей, қорғау нұсқамалары мен ерекше мінез-құлық талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда. Сот белгілеген шектеулерді бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырып, көмек қажет болған жағдайда немесе құқық бұзушылықтың куәсі болған азаматтарға 102 нөміріне хабарласуды ескертті.