Павлодар облысында мұғалімдер жарты миллион теңгеден астам жалақы алады

Павлодар облысында мұғалімдер жарты миллион теңгеден астам жалақы алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұстаздардың тәжірибе мен жүктемесіне байланысты жалақыға қосымша ақы қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Башированың айтуынша, облыста 20 мыңнан аса педагог жұмыс істейді.

 – Олардың 60 пайызы – сапалы құрамды ұстаздар. Өңірде ең үздік деп танылған 131 педагог-шебер, 3500 педагог-зерттеуші, 3000 жуық педагог-сарапшы бар. Мысалы, педагог-шебер сабақ беруден бөлек оқулықтарды әзірлеумен айналысады. Кейіннен олардың жұмыстары оқу процесінде қолданылады, – деді Гүлмира Баширова

Тәжірибелі ұстаздармен қатар жас мұғалімдер де білім беру саласындағы өз орнын табуда. 

– Жас маман, яғни университет түлегі, мектепке жұмысқа орналасу үшін тестілеуден өтеді. Ол біліктілікті алған кезде өзінің бейіндік білім пәні бойынша конкурсқа қатысады. Жаңа қабылданған мұғалім 200-250 мың теңгеге жуық жалақы алады. Ал енді жоғары санаттағы педагогтердің жалақысы 500-600 мың теңгеден асады, – деді Гүлмира Баширова.

Сынып жетекшілерге төленетін қосымша ақы 10 мың теңгені құрайды. Гүлмира Баширова сынып жетекшілгі үшін одан да аз үстеме ақы болған кездерді еске түсірді.

– Біз еңбек жолымызды бастаған уақытта жалақы өте аз болды. 1994 жылдары сынып жетекшілерге 850 теңге төленетін. Әр балаға – 50 теңгеден. 30 жылда 10 есе өсті деуге болады, – деді басқарма басшысының орынбасары. 

Бүгінде магистр дәрежесі бар, ауылдық жерде, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен, гимназия мен лицейде арнайы сыныптармен жұмыс істейтін және қарапайым дәптер тексергені үшін мұғалімнің жалақысына қосымша ақы беріледі.