Павлодарлық студент жас ғалымдар арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды
Ол білім деңгейі мен кәсібилігін басқа ел қатысушыларының алдында дәлелдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астанада жас ғалымдардың кәсіби жетістіктерін мойындау және қолдауды мақсат еткен «Best Young Researcher Award» халықаралық байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау жас зерттеушілерді әлемнің түкпір-түкпірінен тарта отырып, ғылымды дамытуға және білікті мамандарды қолдауға бағытталған. Шараның алаңы ретінде Жастар сарайы таңдалып, оған түрлі елдерден 70-ке жуық қатысушы жиналды.
Биылғы жылы ерекше назар «Жасыл химия» секциясына аударылды. Онда мектеп оқушылары мен студенттер экология мен химия саласында өз жобаларын ұсынды. Кейс-әдісін қолдана отырып, қатысушылар экологиялық тұрақты технологияларды дамытудың және инновациялық тәсілдердің маңыздылығын көрсетті.
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті ХБ-41 тобының студенті Барно Жамалханова осы беделді байқауда бірінші орынды иеленді. Қазылар алқасы оның жобасын жоғары бағалады. Барно Жамалханованың ғылыми жетекшісі ретінде Шолпан Хамзина да марапатталды.