Павлодарлық оқытушылар Франция мен Германиядан тәжірибе жинап келді
Мұндай мүмкіндікке облыс әкімдігі мен «Еуразиялық топ» ЖШС (ERG) арасында жасалған меморандум аясында қол жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының өкілі мен сегіз колледждің педагогтары Германия мен Францияда шетелдік тағылымдамадан өтті. Оқытушылар үшін шетелдік тағылымдамадан өтуді көздейтін меморандумның мәні өңірдегі білім беруді дамытуда маңызды қадам болып табылады. Германия мен Францияда өткізілген он күн тағылымдамаға қатысушылар үшін білім берудің үздік тәжірибелері мен әдістемелерін зерделеуге, кәсіби тұрғыдан өсу мен дамуға мүмкіндік берді.
Германиядағы тағылымдама барысында қатысушылар Кобленц қаласының қолөнер палатасы, металл және технологиялар орталығы, Technik Berufskolleg Werther Brücke, IG Metall, Bibb федералдық кәсіптік білім беру институты, Кобленц қаласының сауда-өнеркәсіп палатасы және Ремшайдер қаласының кәсіптік оқыту орталығы - ГмбХ металл және электротехника өнеркәсібі сияқты әртүрлі оқу орындары мен ұйымдарға барды. Сонымен қатар, Францияда тағылымдамаға кәсіби білім беруді дамыту семинарына қатысу, Гюстав Феррие атындағы кәсіби ғылым және цифрлық технологиялар мектебіне білім беру сапары (Lycée des Sciences et du numérique - Gustave Ferrié) және Париждегі Сhennevière Мalézieux кәсіптік колледжінде практикалық оқыту ұйымдастырылды.
– Тағылымдамадан өтудің бұл тәжірибесі педагогтар мен білім беру менеджерлерінің өрісін кеңейтіп қана қоймай, оқытудың озық әдістері, инновациялық технологиялар және әлемдік тәжірибеде қолданылатын кәсіптік білім берудің озық үлгілері туралы білімдерін байытты. Бұл бастама оқуға деген ұмтылысты көрсетіп қана қоймай, мамандардың жаңа буынын оқыту мен тәрбиелеу сапасын жақсарту үшін білім берудің жаңа әдістері мен тәсілдерін қолданудың маңыздылығын көрсетеді, – дейді облыстық білім беру басқармасында.
Павлодар облысы әкімдігі мен «Еуразиялық топ» ЖШС бастамасымен өткізілетін мұндай халықаралық тағылымдамалар оқытушылар мен колледж басшыларына Қазақстанның болашақ мамандарының игілігі үшін озық әлемдік тәжірибені қолдануға жағдай жасап, өңірдегі білім берудің дамуына серпін береді.