Павлодарлық жас туристер республикалық слетте жеңіске жетті

Павлодарлық жас туристер республикалық слетте жеңіске жетті
Фото: gov.kz

Үш күндік жарысқа еліміздің әр өңірінен 180 оқушы мен 40 жетекші қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-экспедициялық жасақтарының республикалық слеті аяқталды. Жалпыкомандалық есепте Павлодар облысының құрамасы бірінші орын иеленді.

Екінші орын Қарағанды облысына бұйырса, үздік үштікті Жетісу облысының командасы түйіндеді.

Үш күн бойы жас туристер спорттық бағдарлау мен туристік кедергілер жолағында сынға түсті. Спорттық бағдарлау орта қашықтық және спринт форматында өтіп, қатысушылар жылдамдық, дәлдік, ептілік пен төзімділігін көрсетті.

– Слеттің қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодар облысы, екінші орынды Қарағанды облысы, үшінші орынды Жетісу облысы иеленді, – деді облыстық білім беру басқармасында.

Бағдарлама тек спорттық жарыстармен шектелген жоқ. «Менің туған өлкем» және «Үздік экспедициялық жоба» номинацияларында оқушылар өз өңірлерінің табиғи және тарихи-мәдени мұрасына арналған зерттеу жұмыстарын қорғады.

Қатысушылар туристік әндер байқауында да өнер көрсетіп, Павлодар өңірінің тарихи-мәдени нысандарын аралады.

Бұған дейін өңірде экологиялық бағыттағы туристік слеттер де ұйымдастырылған. Тамыз айының соңында Железин ауданындағы Башмачное ауылының жағажайында өткен «Eco Nomad» слеті жастарды спорттық жарыстар, туристік тапсырмалар мен табиғатты қорғау тақырыбы аясында біріктірген еді.