Павлодар облысында шаруалар майлы дақылдарға бет бұруда
Аймақта күнбағыс алқабы ұлғайып, фермерлер өнімді өткізу нарығының тұрақтылығын және өңірде қайта өңдеу қуаттарының пайда болуын күтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында майлы дақылдар егілетін алқап көлемі артып келеді. Соңғы жылдардағы күрделі ауа райы жағдайларына қарамастан, бұл бағыт өңір үшін перспективалы салалардың бірі болып отыр.

Сондай шаруашылықтардың бірі – Тереңкөл ауданының Ынталы ауылында орналасқан «Нұрлан и К» шаруа қожалығы. Фермер Нұрлан Айтқожиновтың айтуынша, биыл шаруашылықта шамамен 6 мың гектар жерге күнбағыс және басқа да майлы дақылдар егілген. Сонымен қатар келесі маусымға арналған тағы 4 мың гектарға жуық алқап дайындалған.
Фермердің пікірінше, майлы дақылдарды өсірудің өңір үшін келешегі зор. Оның басты артықшылығы – өнімді өткізетін нарықтың болуы. Шаруашылықта жиналған өнім Өскемен, Семей және басқа қалалардағы май өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі.
– Біз тәуекелді егіншілік жағдайында жұмыс істеуге үйреніп қалдық. Биыл гектарына орта есеппен 10 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Өнімді өткізетін орын бар. Былтыр баға шамамен килограмына 185 теңгеден басталып, кейін 200 теңгеге дейін өсті. Биылғы маусымда бағаның қандай болатынын қазір айту қиын. Сондай-ақ Павлодар облысында майлы дақылдарды өңдейтін жаңа қуаттардың іске қосылуын күтіп отырмыз. Бұл бізге логистика тұрғысынан тиімді болар еді, – деді Нұрлан Айтқожинов.
Фермердің айтуынша, былтыр шаруа қожалығы шамамен 4 мың тонна өнім жинап, оны өткізіп, сатылымға шығарған.
Өндірісті дамыту үшін шаруа қожалығы жеңілдетілген қаржыландыруды пайдалана отырып, техника паркін жаңартып келеді. Бұл мақсатқа шамамен 650 миллион теңге бағытталған. Қаражатқа үш комбайн, тракторлар, тартқыштар және бүріккіш сатып алынған. Барлығы – жеті техника бірлігі.
Бұдан бөлек, шаруашылықта астық кептіру кешені салынып жатыр. Қазір «Алтай-26» кептіргіші мен силостар орнатылған. Келесі кезеңде астық тазалау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жиналған өнімді тікелей шаруашылықтың өзінде өңдеп, кептіріп, кейін сақтауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау «ҚазАгроҚаржы» жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Байсал Алпысбаевтың айтуынша, биыл өңірдегі шаруаларға техника сатып алуға рекордтық 31 миллиард теңге қаржы бөлінген.
– Биыл Павлодар облысында шамамен 800 техника бірлігін сатып алуға қаржы бөлінді. Оның ішінде 272 тракторға 11 миллиард теңге және 254 комбайнға 7 миллиард теңге бағытталды. Мұндай көлемге жеңілдетілген бағдарламалардың қолжетімді болуының арқасында қол жеткізілді. Отандық техника 5 пайыздық мөлшерлемемен, импорттық техника 12,6 пайызбен қаржыландырылады. Сонымен қатар қазақстандық техника құнының 30 пайызына субсидия қарастырылған. Бүгінде біз арқылы сатып алынатын техниканың шамамен 80 пайызы отандық өндірістің үлесінде, – деді Байсал Алпысбаев.
Фермерлердің лизингке деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бағдарламаның артықшылықтарының бірі – қосымша кепілдік қамтамасыз етуді талап етпеуі. Кепіл ретінде сатып алынатын техниканың өзі қарастырылады. Сонымен қатар өтінімдерді онлайн беру мүмкіндігі енгізілген. Биыл қаржыландырылған 311 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің 75 пайызы электронды форматты пайдаланған.
Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі де артқан. 2025 жылы өңір шаруаларына 700 техника бірлігін сатып алуға шамамен 29 миллиард теңге бөлінген.
Айта кетейік, өңірде картоп шаруашылығының перспективалы бағыттары – чипс өндіруге арналған картоп өсіру және суперэлиталық тұқымдық материал өндіру де дамып келеді.
Сычевка ауылында бұл бағытпен «Агро Союз» шаруа қожалығы айналысады. Мұнда азық-түлікке арналған картоппен қатар, қайта өңдеуге бағытталған арнайы сорт та өсіріледі.
Шаруашылық Қазақстанда бұл бағытты алғашқылардың бірі болып қолға алған. Бүгінде мұнда өсірілген картоп Алматы облысында орналасқан халықаралық компанияның зауытына жеткізіледі.