Ақтоғай ауданында бөдене фермасы ашылды
«Сұлтан» ШҚ басшысы Оралбай Әшіров Ақжол ауылына 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша Алматыдан қоныс аударған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Негізгі мамандығы – заңгер. Орталық Азия университетін бітірген. 1982 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.
Бастапқыда мемлекет тарапынан ұсынылған мүмкіндіктерді сәтті пайдаланған азамат баспана мен ұсақ мал сатып алып, жеке шаруашылығын дамыта бастаған. Осылайша, мал басын арттырған ауыл тұрғыны жуырда «Gold Qus құс» бөдене фермасын ашты.
– Көшіп келгенде жеке кәсібімізді дамыту үшін үкіметтен мың гектар жер берілді. Бұл – нөлден басталған кәсіп. Биыл қүзде арнайы ғимарат сатып алып, істі төрт мың жұмыртқамен бастадым. Айта кетерлік жайт, құстарға құрамы таза, халал сертификаты бар Жамбыл облысынан әкелінетін жем беріледі, – дейді Оралбай Әшіров.
Қазіргі таңда бөденелердің саны сегіз мыңға жеткен. Тәулігіне екі мың жұмыртқа шығарылады. Алдағы уақытта қақталған бөдене еті мен бөдене жұмыртқасынан майонез шығару жоспаланып отыр. Ол үшін барлық қажетті құрал-жабдықтар, қақтау аппараты сатып алынған.
– Сертификат күтіп отырмыз. Өнім жергілікті дүкендер мен Павлодарға жеткізіледі. Сондай-ақ Астана, Ақтөбе, Алматыдан тапсырыстар түседі. Алла жазса, келесі жылы кәсіпорынды толық іске қосу көзделіп отыр, – дейді ол.
Жұбайы Мақпал Байбосынованың екі жоғары білімі бар. Талғат Бигелдинов атындағы орта мектепте бастауыш сыныпта және информатика пәнінен мұғалім болып қызмет етеді.
– Бұл – отбасылық бизнес. Мектептен тыс уақытта жұмыртқаны салғаннан бастап, балапан болып шығуын, өнімді өткізуді бақылаймын. Тұтынушыларды іздеу, саудаға шығару, клинеттер базасын қалыптастыру, ынтымақтастық орнату менің де міндетіме кіреді, – дейді Мақпал Байбосынова.
Кәсіпкер бөдене жұмыртқасы адам иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол болғандықтан, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді.
– Бөдененің еті мен жұмыртқасы – мың түрлі дертке дауа, адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Жұмыртқасының дәмі тіл үйіреді әрі тойымды, құрамында кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда А және D дәрумендері екі есе көп саналады, – дейді Оралбай Әшіров.
Бүгінде бөдене фермасында еліміздің оңтүстік өңірінен көшіп келген бес адам еңбек етуде. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтіп, құстардың санын елу мыңға дейін жеткізуді жоспарлауда.