Павлодар облысының алдағы үш жылдық бюджеті белгілі болды
Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылға арналған облыс бюджетінің көлемі 489,2 миллиард теңгені құрайды деп болжанды. 2023 жылмен салыстырғанда өсімі - 102,2 пайыз. Негізгі көздер: 342,5 миллиард – мұнай өнімдеріне түсетін акциздерді қоса алғанда меншікті кірістер, 146,7 миллиард – республикалық бюджеттен субвенция. Мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілген.
Меншікті кірістер 3,3 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Облыстық бюджеттің базалық шығыстары 374,2 миллиард теңге көлемінде болжанды. Оған ауыспалы 10 инвестициялық жобаға 7,8 миллиард теңге, медициналық жабдықтарды сатып алуға, денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге 14,7 миллиард теңге, 5,5 миллиард автожолдарды жөндеуге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандарды жөндеуге – 1,9 миллиард теңге, жолдарды жөндеуге – 2,2 миллиард, сондай-ақ, білім басқармасы бойынша шығыстарға – 6,6 миллиард теңге. Салалық басқармалармен 2025 жылы бірінші кезектегі жобалардың тізбесі пысықталды – 72,4 миллиард, 2026-2027 жылдары – 49,2 миллиард.
Аймақ басшысы басқарма жобаларының басымдылығын ескере отырып, жаңа бастамаларға шектеулерді айқындау, сондай-ақ, облыс алдына қойылған міндеттерді, салалық министрліктердің саясатын, индикаторларға қол жеткізуді ескеру қажеттігін атап өтті.
Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімі 15 маусымға дейін 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті уақтылы және сапалы қалыптастыруды қамтамасыз етуді, көтерілген жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларды дайындауды тапсырды.