Павлодар облысында сот орындаушылардың атын жамылған алаяқтар көбейген
Олар тұрғындарға жалған ақпаратты айтып, жеке деректерді сұратып алуға тырысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әділет департаменті алаяқтықтың бұндай түрінің жиілеп кеткені туралы ескертеді.
– Олар адамдарға өздерін департамент қызметкерлері немесе жеке сот орындаушылары ретінде таныстырып, әкімшілік айыппұлды өтеу қажеттілігі туралы хабарлайды. Банктік шоттар , жүргізуші куәлігі және т.б. бұғатталады деп жалған ақпарат айтады. Сондай-ақ байланыс үшін телефон нөмір қалдырады,– деді департаментте.
Мемлекетік орган үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға аты-жөнін, ЖСН, мекенжайды, телефонды, яғни жеке деректерді таратпауды сұрайды.
– Әділет органдарының басшылығы мен қызметкерлері телефон қоңыраулары мен SMS арқылы деректерді сұрамайды. Алаяқтармен байланысудың немесе қандай да бір сілтемелер бойынша өтуге кеңес бермейміз Алаяқтық фактілеріне тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз. Бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіз,– деп ескертті департаментте.
Әділет департаментінің қызметі туралы мәліметтерді 8 (7182) 32-67-04, 8-708-466-67-15 нөміріне қоңырау шалу арқылы алуға болады.
Сонымен қатар, берешекті өтеуді талап ететін тұлғалардан қоңыраулар келіп түскен жағдайда, сіз атқарушылық іс жүргізу органдарының aisoip.adilet.gov.kz автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы ақпаратты тексере аласыз.