Павлодар облысында жүзден аса жол жобасы жүзеге асырылуда

Павлодар облысында жүзден аса жол жобасы жүзеге асырылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл жөндеу жұмыстарына шамамен 60 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Барлығы 120 жоба қарастырылған. Оның ішінде ең көбі – көше-жол желісі бойынша 80 жоба, 22 жоба – аудандық маңызы бар жолдар, сондай-ақ облыстық және республикалық маңызы бар тоғыз жобадан.

Бұған қоса, Атамекен – Көктөбе және Атамекен – Ертіс бағыттарында күрделі жөндеу жүргізілуде.

Қалқаман – Баянауыл, Қарағанды – Шідерты – Павлодар, Атамекен – Көктөбе жолдарында, сондай-ақ Омбы – Майқапшағай трассасының Павлодар – Железинка бағытындағы учаскесінде орташа жөндеу аяқталды.

Барлық жобаны қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

– Жыл басынан бері мамандарымыз 120 нысанға 604 рет инспекциямен шығып, 1 939 сынама алды. Оның ішінде 249-ында сәйкессіздік анықталды, – деді облыстық филиалдың Жол активтері сапасы ұлттық орталығы бөлімінің басшысы Қуат Нұрмағамбетов.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жосықсыз мердігерлер туралы хаттарды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолдады.

Үш техникалық қадағалау ұйымы жауапкершілікке тартылып, айыппұл көлемі 1,861 миллион теңгені құрады.

– Сапаға келсек, қазіргі уақытта облыста жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының деңгейін жеткілікті жоғары деп бағалауға болады, – деп сендірді Қуат Нұрмағамбетов.

Өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы бес мың шақырымнан асады.

Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап Павлодар – Астана бағытындағы ескі көпірдің жанынан экстрадозды көпірдің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстың жартысынан астамы аяқталды.