Павлодарда тегін қазақ тілі курстарының бірінші маусымы аяқталды
Сабақтар екі ай бойы аптасына бес реттен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәлімдеуінше, жыл сайын елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында облысымызда барлық санаттағы азаматтар үшін қазақ тілін тегін оқыту курстары өткізіледі.
- «Ана тілі» орталығында тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарының бірінші маусымы аяқталды. Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын меңгерту болып табылды, - делінген хабарламада.
Аталған курсқа тілді меңгеру деңгейі әртүрлі және әртүрлі жастағы тыңдаушылар қатысты. Тілді оқыту қарапайымнан күрделіге дейінгі деңгейлер бойынша жүргізілді. Сабақтар аптасына бес рет, екі ай бойы өтті.
- Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренді. Тегін курстармен 120 тыңдаушы қамтылды. Курстың соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталды, - дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Тіл керуені» жобасы, қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» атты жобалар іске асырылуда.
Бүгінгі күні облысымыздың қала, аудандарында қазақ тілін тегін оқыту курстары жүргілуде. Тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпаратты 61-84-88 телефоны арқылы алуға болады.