Павлодарда әкелер мен балалар конструктор пазл құрастырып жарысты

Олар бір-біріне деген сенімдерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық №2 мектебінде ерекше көңіл-күй мен сергектікке толы «Disneyland» жазғы лагерінде «Шебер әке» сайысы өтті.
Жарыстың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әке мен баланың арасындағы тығыз байланысты нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау болды.
– Жалпы 12 әке мен бала алты топқа бөлініп жарысты. Сайыс төрт кезеңнен тұрды, – дейді тәлімгер Зейнеп Құлманова.
Бірінші кезеңде әке мен бала бірігіп, түрлі табиғи материалдардан, қағаздан, ағаштан жасалған бұйымдар арқылы қиялдарын, шеберліктерін және бірлесе жұмыс істеу дағдыларын көрсетті. Екінші кезеңде олар берілген құрылыс конструктор пазл құрастырды.
Үшінші кезеңде «Кім жылдам?» жарысында қатысушылар тек шапшаңдық емес, көңілді әрі достық қарым-қатынасты да паш етті. Төртінші кезеңде әкелер өз балаларының есімінің әр әрпінен басталатын жақсы қасиеттерді атап өтті.
Сайыс соңында барлық қатысушылар ерекше белсенділігі мен шығармашылық қабілеттері үшін дәрежелі дипломдармен марапатталып, ұйымдастырушылар тәтті сыйлықтар сыйлады.