Екібастұзда жарықтандыру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде

Екібастұзда жарықтандыру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 2,5 милиард теңгеден астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Аян Бейсекин екі жыл бұрын қалада жүйелі аулаішілік жарықтандыру ұғымы іс жүзінде болмағанын атап өтті.

– Сол кезде облыс әкімімен ағымдағы жағдайды талқылай отырып, қолдауға ие болдық. Содан кейін тиісті техникалық құжаттаманы әзірлеуге жедел кірістік. Азаматтардың жайлылығы мен қауіпсіздігі бірінші орында, сондықтан аула ішіндегі және орамішілік аумақтарды жарықтандыру жобасы өте маңызды, – дейді Аян Бейсекин.

Бұл ретте, екі жыл ішінде барлық 279 ауланы, орамішілік аумақтардың 50-ден астам учаскесін, сондай-ақ қаланың қалған 68 көшесін жарықпен қамту міндеті қойылған.

Барлық жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінген. Қазіргі уақытта барлығы 150-ге жуық аула, 40-қа жуық көше және 40-тан астам орамішілік учаскелер жарықтандырылды.

–  Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, –  дейді қала әкімі. –  Жалпы, екі жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, ол үшін ел Үкіметі мен облыс әкіміне зор алғысымды білдіремін. 

Ол инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері облыс басшылығының және оның тұрақты бақылауында екенін атап өтті.