Павлодар облысында су тасқынына қарсы жедел штаб ұйымдастырылды

Павлодар облысында су тасқынына қарсы жедел штаб ұйымдастырылды
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Мақсаты –  су тасқынына қарсы жағдайлар бойынша бірыңғай шешім қабылдау және үйлестіру, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ТЖ департаментінің дағдарыс залында жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды, аталмыш штабтар облыстың барлық қалалары мен аудандарында ұйымдастырылды.  Құрамына азаматтық қорғау қызметтерінің (жолдар мен көпірлер қызметі, қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі, өртке қарсы қызметі, ақпарат қызметі, инженерлік қызметі) өкілдері енді.

29 наурыздың сағат 06:00-дегі жағдай бойынша облыс бойынша автокөлік жолдарының 14 учаскесі бақылауда (бес республикалық, бір облыстық және сегіз аудандық маңызы бар. Сондай-ақ елді мекендердегі су тасқынына қарсы алты учаске бақылауда (Ақсу қаласында – бір, Павлодар қаласында – бір, Ақтоғай ауданында – екі, Май ауданында – бір, Аққулы ауданында – 1).

Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 48 адам, 52 техника, 12 мотопомпа, екі жүзу құралы жұмылдырылды. Бұл – ТЖД, ЖАО, жол қызметі және полиция департаментінің күштері мен құралдары. 

– Өткен тәулікте облыс бойынша 25 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорылды, 1 800 текше метр қар шығарылды, 1413 қап инертті материал және 828 тонна инертті материал төгілді, – деді департаментте. 

Сонымен қатар, облыс бойынша жергілікті атқарушы органдардан 109 желісі бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға 75 ассенизаторлық көлік, 111 мотопомпа, 290 адам тартылды.

Әкімдіктер мен ТЖД су басу фактілерін анықтау үшін аула аумақтарын, тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлердің жертөлелерін аралау жұмыстары,  дрондардың көмегімен тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.