Ауыл оқушысы Павлодардағы ЖОО бірінің білім грантын жеңіп алды

Ауыл оқушысы Павлодардағы ЖОО бірінің білім грантын жеңіп алды
Фото: Университеттің баспасөз орталығынан

Инновациялық Еуразия университетінде «Білім мен ғылымның интеграциясы. Болашаққа қадам» атты 52-ші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Форум оқу орнының 35 жылдығына орай ұйымдастырылып, оған мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері, сондай-ақ әртүрлі елдерден келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, конференция білім алмасу мен ғылыми идеяларды таныстыруға арналған дәстүрлі алаңға айналған.

– Биылғы қатысушылар 11 секция бойынша бақ сынады. Мұнда техникалық және IT әзірлемелерден бастап гуманитарлық зерттеулерге, педагогика мен тіл біліміне дейінгі заманауи бағыттардың барлығы дерлік қамтылды. Барлығы 200-ден астам баяндама ұсынылды. Қатысушылар қатарында мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері болды. Сонымен қатар, Семей қаласының медициналық академиясының қатысуымен «Ұлт денсаулығы» атты арнайы секция ұйымдастырылды, – делінген хабарламада.

Форумның басты ерекшеліктерінің бірі – жас зерттеушілердің белсенді қатысуы. Мектеп оқушылары мен студенттер жас ғалымдармен қатар өз жобаларын қорғап, инновациялық шешімдер ұсынып, өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Көпшілігі үшін бұл халықаралық деңгейде алғаш рет сөз сөйлеу тәжірибесі болды.

Шараның басты ерекшелігі ректор грантын ұтып алу болды. Биыл аталмыш марапат Кенжекөл орта мектебінің оқушысы Алмаз Искандаровке бұйырды. Оның «Қазақ фильмдері мен сериалдарындағы билингвизм тілдік ортаның көрінісі ретінде» атты жобасы өзектілігі мен ғылыми маңыздылығы үшін сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.

Осылайша, конференция тек білім алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жас зерттеушілерге өздерін танытып, әрі қарай білім алуына қолдау алуға мүмкіндік берді.