Павлодар облысында тұрмыстық жанжал сотқа ұласты
Өңірде «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара аясында полицейлер мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп рейдтік жұмыстар жүргізіп жатыр. Алғашқы тәулікте қорғау нұсқамасы шығарылған 144 адам, сондай-ақ мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген 129 азамат тексерілді. Сонымен қатар 60 қолайсыз отбасы тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріліп, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Профилактикалық іс-шара барысында Павлодар қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі анықталды. Мас күйінде болған ер адам жұбайына балағат сөздер айтып, ар-намысына тиетін әрекеттер жасап, агрессия танытқан. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деді облыстық полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпова.
Полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейжай қарамауға шақырады. Мамандардың айтуынша, бұл – тек отбасының ішкі мәселесі емес, қоғамның қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе.