Павлодар облысында қос азаматтық үшін әйел елден шығарылды
Құқық қорғау органдары ҚР азаматтығымен қатар көрші мемлекеттің азаматтығын да алған әйелді анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтар басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы белгіленген тәртіппен уәкілетті органдарға хабарлауы тиіс. Алайда аталған азаматша шетел азаматтығын алғаны жөнінде көші-қон қызметіне немесе Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне хабарламаған.
Павлодар облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, заң талаптарын бұзған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін әйел жауапкершілікке тартылды. Шарбақты аудандық сотының шешімімен ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылып, ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар оған Қазақстан аумағына қайта кіруге тыйым салынды, – деді Қанат Сартов.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін бес азамат жауапкершілікке тартылған. Олардың екеуі сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылып, елге кіруге тыйым салынды.
Полиция өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған ішкі істер органдары қызметінің басты ұстанымы екенін атап өтті. Заң бұзған тұлғалар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.