Павлодарда үшінші жылу-электр орталығында жаңғырту жобасы жүзеге асуда

Павлодарда үшінші жылу-электр орталығында жаңғырту жобасы жүзеге асуда
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Ғимараттың шатырлары толық жаңартылып, қауіпсіздік талаптары күшейтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Үшінші жылу-электр орталығында өндірістік және әкімшілік нысандарды жоспарлы жаңарту жалғасуда. Биылғы бағдарлама 150-дей іс-шараны қамтыса, келесі жылға да осындай көлемдегі жұмыстар белгіленген.

Ең ірі бағыттардың бірі – шатырларды жаңарту. Сыртқы шатырларды қалпына келтіру күзге дейін аяқталады. Ал ішкі әрлеу мен жөндеу шаралары станцияда жыл бойы жалғасады. 

Жылу тарату компаниясы өндірістік бақылау департаментінің ғимараттар мен құрылыстарды қадағалау жөніндегі инженері Николай Мачулиннің айтуынша, биыл негізгі назар шатырларды қалпына келтіруге аударылған.

– Бұл уақыт өте келе құрылыс конструкцияларының бүлінуіне, сондай-ақ еңбек жағдайының нашарлауына және нысандардың қызмет ету мерзімінің қысқаруына әкелетін су ағу қаупін болдырмау үшін қажет. Сыртқы шатырларды қалпына келтірудің барлығы суық түскенге дейін, яғни қазан айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал үй-жайлардағы ішкі жұмыстар жыл бойы жүргізіледі, – деді инженер.

Сонымен қатар, станцияда ғимараттардың беріктігін арттыруға бағытталған бағдарлама да жалғасып жатыр. Биыл қазандық бөлімшесінде 12 аражабын тақтасы күшейтілуде. Келесі жылы тағы 10 тақтаны нығайту көзделген. Бұл шаралар қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жаңарту жұмыстарына мердігер ұйымдармен бірге №15 құрылыс цехының мамандары да жұмылдырылған. Цех ұжымы жыл сайын шамамен 50-ге жуық іс-шараны өз күшімен жүзеге асырады.

Бұдан бөлек, станцияның сыртқы келбетін жаңарту да қатар жүргізілуде. Төрт қабатты әкімшілік-тұрмыстық корпустың қасбеті мырышталған қаптамамен толық әрленді. Қазір турбина және қазандық цехтарының сыртқы беті жаңартылуда. Алдағы кезеңде әкімшілік және қосалқы нысандарды, соның ішінде асхананы бірыңғай сәулеттік стильде әрлеу жоспарланған.