Павлодарлықтар құрбан шалу рәсімін онлайн жасай алады
Құрбан айт мерекесі алдымыздағы жексенбі, яғни 16 маусым күні басталып, үш күнге ұласады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәшһүр Жүсіп мешітінде Құрбан айт мерекесіне орай бас имамның қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шарада Айт мерекесін тойлау, құрбан шалу жайлы сөз қозғалды.
– Ең алдымен, адам баласы Айт мерекесін Айт намазынан бастайды. Павлодар облысы бойынша барлық мешіттерде айт намазы таңғы 6:00-де оқылатын болады. Таң намазынан кейін, өз құрмалдақтарымызды шалуды бастаймыз, – дейді мешіттің бас имамы Жолдас Қоспақұлы.
Оның айтуынша, құрбан шалу рәсімі жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып, қалалық ипподромда басталады. Бұл жылы Құрбан айт шалу оффлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 10-шы маусымнан бастап құрбан шалу рәсімін онлайн өткізуге арналған @qurban2024.kz сайтын іске қосқаны жайлы айтылды. Енді павлодарлықтар осы платформаға кіріп, құрбандық малын таңдап, онлайн аударым жасай алады. Одан соң телефоныңызға құрбандық шалынғаны жөнінде бейне есебі келеді. Ал құрбандыққа шалынған мал еті мұқтаж адамдарға таратылады. Кейін қалалық әкімшіліктен келген тізімдер қамтылады.
– Бұл әсіресе үлкен қалаларда оңтайлы мүмкіндік, – дейді бас имам.
Сондай-ақ сайт арқылы құрбандық етін алуға да өтініш білдіруге болады.
Бұл күндері құрбан шалып қана қоймай, қайырымдылық жасап, жақындардың халін біліп, ізгі амалдарға ниеттенудің сауабы мол.
Сонымен қатар, Арафа күні 15 маусымға сәйкес келеді. Бұл күні ораза ұстау – сүннет амалға жатады.
– Оффлайн формат бойынша төрт түлік мал иелерінен таңдалынады. Қой алты айлық немесе бір жаста, қара мал екі жаста, түйе бес жаста болуы талап етіледі, – дейді спикер.
Адам баласы үш күн қатарынан күн батқанға дейін құрбандық шала алады.
Құрмалдықты үшке бөлген абзалырақ болады. Бір бөлігі – мұқтаждарға, екінші бөлігі – туысқандарға, үшіншісі – өз жанұясына. Дегенмен қара малдың етін толығымен мұқтаждарға таратып беруге де рұқсат.
Айта кетейік, Мәшһүр Жүсіп мешітінің ауласында рухани, спорттық, мәдени іс-шаралар түскі сағат 14:00-ден бастап өткізіледі.